Жұмыс беруші қызметкерді тиісті түрде ресімдемейтін, онымен еңбек шартын жасаспайтын жағдайлар болады.

Бұл қызметкер үшін бірқатар жағымсыз салдарға әкеп соғады:

жұмыс істеген уақыт еңбек өтіліне есептелмейді;

сот тәртібімен жалақысы бойынша қарызды өтеу қиын;

зейнетақы және басқа да әлеуметтік аударымдар жүргізілмейді;

демалыс жәрдемақысы төленбейді;

қызметкердің төлем қабілеттілігін дәлелдеу мүмкін емес (мысалы, несие алу кезінде).

Бұл жағдайда қызметкер мемлекеттік еңбек инспекторына шағыммен жүгіне алады. Егер шағым расталса, жұмыс берушіге шарт жасаспағаны үшін 60-тан 150 АЕК (175 020-дан 427 550 теңгеге дейін) мөлшерінде айыппұл төлеуге тура келеді.

Сонымен қатар, жұмыс берушілер арнайы базаға қызметкерлермен жасалған барлық еңбек шарттары, оларға енгізілген өзгерістер және еңбек қатынастарын тоқтату туралы ақпарат енгізуге міндетті.

Бұл міндеттеме ҚР Еңбек Кодексінің 23-бабымен 2020 жылдың 15 мамырынан бастап қарастырылған, бірақ бұл норма бәріне таныс емес.

Енді жұмыс беруші «Электрондық еңбек биржасы» enbek.kz порталында тіркеуге міндетті еңбек шарттары, еңбек шартының тараптары, лауазымы, жұмыс орны және мерзімдері туралы мәліметтерді (жасалған күні, жұмыстың басталған күні, тоқтатылған күні), сондай-ақ еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне ұйым қызметкерлерінің еңбек қызметі және штат саны туралы мәліметтерді 5 жұмыс күні ішінде енгізуге міндетті.

Жүйеге мәліметтерді енгізбегені немесе уақтылы енгізбегені үшін әкімшілік жауапкершілік жоқ. Бірақ мұны мемлекеттік еңбек инспекторлары анықтап, жою мерзімін көрсете отырып, ұйғарым жасай алады. Ұйғарым орындалмаған жағдайда жауапты адамды әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы мәселе шешілетін болады.

Айжан Алина, «Alina&Partners» Заң компаниясы